7 мыңнан астам қазақстандық уақытша орналастыру пункттерін паналап отыр. Барлығы су басқан аумақтардан 76 мың адам, оның ішінде 18 мың бала эвакуацияланды. Қауіпсіз жерлерге 70 мыңнан астам төрт түлік басы да айдалды.
Астанада өткен брифингте еліміздің Төтенше Жағдай Министрлігінің ресми өкілі Ерасыл Сайпаш бірқатар өңірлерде қалыптасқан ахуал жайлы баяндады. Оның айтуынша, апаттық-құтқару жұмыстарында 16 мың адам мен 1600 бірлік техника тәулік бойы жұмыс істеуде. Одан бөлек, зардап шеккен аудандарға 126 мың тонна гуманитарлық көмек те жеткізілді.
Ерасыл Сайпаш, ҚР ТЖМ азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері:
– Жедел желі телефондарына 1052 қоңырау келіп түсті. Зардап шеккендерге психологиялық көмек те көрсетіліп жатыр. Республикалық жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Барлық күш-құрал су тасқынынан келген залалмен күресіп, жаңа легін болдырмау үшін барын салып жатыр. Жағдай ушыға түссе, қосымша шаралар қабылдайтын боламыз.