Қ.Тоқаев Қытай компанияларының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді

Қ.Тоқаев Қытай компанияларының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді

Шанхай сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық ірі компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Тараптар бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады. Мемлекет басшысы Xiaomi Corporation (Сяоми Корпорейшн) президенті Лу Вэйбинмен кездесуде жасанды интеллектіні, есептеуіш қуатын, «бұлтты» технологиялар мен цифрлық платформаларды дамыту бағытындағы жобаларды зерделеу ұсынылды. Күрделі АІ-жүйелерге қызмет көрсету, электромобиль, аккумулятор өндірісін жолға қою үшін жергілікті мамандарды даярлау мәселесі де күн тәртібінде тұр. Мемлекет басшысы компанияның Қазақстандағы қызметін кеңейту бастамасын қолдауға дайын екенін растады.


Президент CATL (Си-Эй-Ти-Эл) директорлар кеңесінің теңтөрағасы Пань Цзяньмен кездесуде елімізде аккумулятор батареялары зауытын салу бастамасын құптады. Президент Қазақстанның шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі тұтас өндірістік циклді қалыптастыруға мүмкіндігі толық жететінін атап өтті.  Бүгінде CATL электромобильдерге арналған аккумулятор өндірісі бойынша әлемдік нарықтың 40 пайызын еншілеген.


Қасым-Жомарт Тоқаев China Communications Construction Company (Чайна Комуникейшнз констракшн компани) президенті Чжан Биньнаньді қабылдап, көлік-логистикалық және энергетикалық әлеует тұрғысынан стратегиялық маңызға ие бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады. Президент Бақты – Аягөз теміржол құрылысын және Каспий теңізінің табанын тереңдету жұмыстарын жүргізудің маңызы атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қуаттылығы 600 MBт болатын Қазақстандағы алғашқы гидрожинақтаушы электр станциясы құрылысының жобасын бірлесе әзірлеу туралы келісімге қол қойылуын құптады.


Ал Guoyou Materials Group (Гою Материалс Груп) Құрық портында алғашқы кезеңінің өзінде өткізу қабілеті 15 млн тонна болатын мультимодальды хаб салуды жоспарлап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны компания директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боянмен талқылады. Кешен теңіз және теміржол бағыттарын байланыстырып, сондай-ақ Қазақстанның экспорттық және транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтеді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?