Қазақстан Президенті Шанхайдағы Дүниежүзілік жасанды
интеллект конференциясының ашылу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы бұл
конференция Қытайдың жасанды интеллект саласындағы айтулы жетістіктерін айқын
көрсететінін атап өтті, бүгінде
АІ саласындағы патенттердің
басым бөлігі қытайлық мамандарға тиесілі. Мемлекет басшысы «Барша адамзат
игілігіне қызмет ететін жасанды
интеллект» тұжырымдамасын қолдап, Си Цзиньпиннің стратегиялық ұстанымын жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2029 жылы қазан айында
елдеріңіз Қытай Халық Республикасының құрылғанына 80 жыл толуын атап өтеді.
Сексен жыл – бір адамның тұтас ғұмыры, ал Қытай оның жартысын саяси және
экономикалық дүрбелеңдердің зиянды салдарымен күресуге сарп етті. Небәрі 40 жыл
ішінде қарқынды дамыған Қытай зор табысқа жетіп, кедейлікті толық еңсерді және
сан салалы экономикасы бар, әсіресе, жоғары технологиялар бойынша көш бастаған
әлемдік державаға айналды.
Жасанды интеллект экономика, сауда және
жаһандық өзара байланыстың болашағын айқындайтын салаға айналып келеді. 2033 жылға қарай жаһандық
АІ нарығының көлемі шамамен
5 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр. Демек, жасанды интеллектіні
басқару жүйесі кешенді сипатқа ие болуға тиіс, деді Президент. Ол
жартылай өткізгіштер мен деректерді өңдеу орталықтарынан бастап этика, білім
беру және адам қадір-қасиетін қорғауға дейінгі бүкіл бағытты қамтуы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жасанды интеллектіні адамның саналы әрі қабілетті басқаруында қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан Қазақстан Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылуын тарихи шешім деп санайды. Аталған ұйым ЖИ-ді басқаратын әмбебап құрылымның негізін қалайтынына сенімдіміз. Ол күллі адамзаттың өсіп-өркендеуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзара тиімді серіктестік тетігі болуы қажет,
Қазақстан
Президенті Астанада Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық
ұйымының ұлықтау отырысын өткізуді және елде Орталық Азияға арналған өңірлік
өкілдікті орналастыруды ұсынды. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы аясында
халықаралық мектептер желісін, озық тәжірибе орталықтарын құру және жасанды
интеллект саласындағы стандарттар мен этиканы қалыптастыру бастамасын көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз «Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін» іске
қосуды ұсынамыз. Басты мақсат – цифрлық сауданы жандандыру және «Бір белдеу,
бір жол» бастамасы аясында цифрлық экономикаларды ықпалдастырудың тиімді
үлгісін қалыптастыру. Өңдеу секторы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы,
денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару секілді салаларда жасанды
интеллектіні қауіпсіз әрі кеңінен енгізу ісін жеделдеткен жөн.

