Транскаспий халықаралық дәлізін цифрландыру мен Ақтау портын жаңарту, Алтын кен орынын игеру мен цемент зауытын салу. Сингапурлық инвесторлар елімізде осы текті 15 ірі жобаға 680 млн долардан астам қаржы құюға мүдделі. Ел мәжілісі бұған неғұрлым қолайлы жағдай жасайтын келісімді қабылдады. Құжат Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар ағынын арттыруға бағытталған. Мәселен, тек былтыр Оңтүстік-Шығыс Азия елі экономикамызға 457 млн доллар көлемінде тікелей инвестиция құйған. Кейінгі он жылда ол 1,7 млрд долларға жетті. Өткен жылғы өзара тауарайналымы да осы межеде тіркелген. Оның 94% отандық экспортқа тиесілі. 2023 жылғы тараптардың қызметтер саудасының 40% жуығы да біздің үлесімізде. Келісім екі жақтың өзара нарықтарына қолжетімділігін кеңейтіп, алыс-берісін одан әрі жақсартуды көздейді.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Сингапур – қызметтер саудасы мен инновациялар саласында баға жетпес
тәжірибесі бар серіктес. Мұндай серіктеспен жасалған келісім үлкен
жетістік. Бұл құжат тәжірибе алмасуда,
елдеріміз арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты
дамытуда айтарлықтай серпін беріп, табысты болады деп санаймыз.