2028 жылға қарай қазақстандық бүлдіршіндер балабақшамен толық қамтылады. Бүгінде 1 млн-ға тарта жеткіншек мектепке дейінгі ұйымдарда білім алуда. Бұл еліміздегі 2-6 жас аралығындағы балғындардың шамамен 91% құрайды. Оны 100% жеткізу үшін 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспары бекітілді. Салалық министрлік осы аралықта балабақшаларда 300 мыңға жуық жаңа орын ашылатынын мәлімдеді. Оның 77 мыңнан астамы биыл жыл соңына дейін құрылады. Жыл басынан бері жаңа 125 мектепке дейінгі ұйым қолданысқа берілген.
Гүлнар Ысқақова, ҚР ОАМ мектепке дейінгі білім беру департаменті
директорының орынбасары:
- Бүгінде балабақша мәселесінің шешімін табу - мектепке дейінгі ұйымдардың құрылысын жүргізіп қолданысқа беру, жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың есебінде, сондай-ақ, жұмыс істеп тұрғандарын реконструкциялау және кеңейту және жалпы білім беретін мектептер жанындағы, тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында шағын орталықтар желісін ашу арқылы көзделуде.
Сонымен қатар балабақшаларда орындарды бөлу процесінің ашықтығы үшін
кезектілікті есепке алудың бірыңғай базасы құрылды. Өтінішті электрондық үкімет
порталы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары және жергілікті
атқарушы органдардың платформалары арқылы беруге болады. Қазір жоба еліміздің
төрт өңірінде жүзеге асырылып жатыр.