Қазақстанда 3,2 млн-нан астам бала жазғы сауықтыру шараларымен қамтылады

Қазақстанда 3,2 млн-нан астам бала жазғы сауықтыру шараларымен қамтылады

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытудың 2029-шы жылға дейінгі жол картасы әзірленді. Құжат ел оқушыларының демалысы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін 7 бағыт пен 30-ға тарта кешенді іс шараны қамтиды. Бұл туралы Үкіметте Туризм және спорт вице-министрі мәлемдеді. Ержан Еркінбаев өскелең ұрпақтың ішкі саяхатына арналған Kids go Free бағдарламасына тоқталды. Әуе билеттерін субсидиялайтын мемлекеттік қолдау шарасы іске қосылғалы 5 600-ден астам жеткіншек тегін әуе саяхатын пайдаланды. Биыл кәмелетке толмаған жолаушыларды алып жүруге құқығы бар тұлғалардың тізімін кеңейту көзделіп отыр.

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Қазіргі уақытта Kids go Free бағдарламасы аясында оларға тек ата-анасымен не жақын туыстарымен ұшуға болатын болса, біз алдағы уақытта сынып немесе ұйымдасқан топтың жетекшілері, мұғалімдермен ұшуға мүмкіндік беру үшін заңға тиісті өзгерістер енгізіп жатырмыз. Ағымдағы жылы осы бағдарлама аясында үш мыңға жуық бала ел ішінде саяхаттауға мүмкіндік табады.

Биыл Қазақстанда 3,2 млн-нан астам бала жазғы сауықтыру шараларымен қамтылады. Оқушылардың 191 қала сыртындағы, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы, шатырлы және киіз үй демалыс орындары жұмыс істейді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы шеңберінде 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Бұл ретте халықтың әлеуметтік осал топтарынан және ауылдық жерлердегі көп балалы отбасылардан шыққан жеткіншектерге басымдық беріледі.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Туризм министрлігі балалардың тарихи-мәдени мұра обьектілеріне, танымал туристік аймақтарға бару үшін  әкімдіктердің өңіраралық өзара іс-қимылын үйлестірсін. Батыс өңіріндегі балаларға еліміздің шығыс аймақтарын көріп-білу қызықты болмақ. Ал оңтүстік облыстардағы оқушылардың солтүстік аймақтарға және керісінше саяхаттап баруын ұйымдастыру қажет. Балалар еліміздің көрікті жерлері мен бай мәдени мұрасын танып-білуге тиіс. Мәдениет министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктерге тегін баруын қамтамасыз етсін.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?