ТМД елдері цифрлық трансформацияны арттыру және жасанды интеллектіні енгізу
саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейтеді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы
ұйымына мүше елдердің үкіметтері басшылары кеңесінің отырысында бұған негіз
қалайтын бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде 2026–2035 жылдарға
арналған ғылыми-технологиялық даму, 2035-ші жылға дейінгі ақпараттық қоғам мен
цифрлық экономиканы дамытудағы ынтымақтастық және негізгі мультимодальды көлік
дәліздерін цифрландыру стратегиялары бар.
Жиында сөз алған Қазақстан Премьер-министрі еліміздің цифрлық өнімдерді
экспорттауға ерекше назар аударатынын жеткізді. Қазақстан бұл бағыттағы
жинақтаған тәжірибесін шетелдік серіктестерімен кеңінен бөлісіп келеді. Олжас
Бектенов ТМД ынтымақтастық пен бірлескен өзара тиімді шешімдер үшін сенімді
алаң болып қала беретінін атап өтті. Достастық елдерінің ЖІӨ-дегі жиынтық
көлемі жыл сайын орта есеппен 4,5% өсіп отыр. Бес жыл ішінде ішкі сауда 40%
артты. Өткен жылы еліміздің ТМД мемлекеттерімен жалпы тауар айналымы 37 млрд
долларға жетті. Келесі кеңес отырысы 2026 жылдың бірінші жартысында
Түрікменстан астанасында өтеді.

