Қазақстанда медициналық реабилитация жасайтын инфрақұрылым кеңейіп келеді. Қазір елде мұндай мекемелер саны 838-ге жетті. Оларды қаржыландыру соңғы 5 жылда 13 есеге өскен. Тек былтырдың өзінде 208 мыңнан астам адамға оңалтудың толық қызметі көрсетілді. Сондай-ақ бүгінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында елді-мекендерде 655 жаңа медициналық нысан салу жоспарланған.
Оқушыларды мектеппен қамту мәселесі де Үкіметтің жіті назарында. Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәжіліс отырысында елде әлеуметтік бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
– «Жайлы мектеп» атты Ұлттық жоба, оның аясында 369 мектеп салынғалы отыр. Екіншісі жемқорлық қылмыстар аясында тәркіленіп, қайтарылған қаражат есебінен өткен жылы 36 мектеп салынса, биыл тағы 25 мектеп салынбақ. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы және жергілікті бюджеттен өткен жылы 7 мектеп пайдалануға берілсе, биылғы меже тағы 6 мектеп салу болып отыр. Жалпы мектеп салу үшін барлық көздерден бөлінген қаражаттың 2 жылдық сомасы 2,4 трлн теңгені құрап отыр.
Сондай-ақ, Тамара Дүйсенова қазақстандықтарды сапалы интернетпен қамту жағынан құлағдар етті. Айтуынша, елімізде 5G ұялы байланысын енгізу 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл жұмыстар Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында жүргізілуде. Бүгінде 20 қалада мыңнан астам базалық станция орнатылған. Сонымен қатар, ауылды жерлерге ғаламтор тарту бойынша ұлттық жоба бекітілген.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
– Оның аясында мемлекеттік жекеменшік әріптестік тетігі арқылы 3 010 ауылға оптикалық байланыс желілерін қосу көзделуде. Нәтижесінде 2,4 млн адамның интернетке қолжетімділігі қамтамасыз етілмек. Мобильді интернет бүгінде 4 866 ауылда қолжетімді. Өткен жылы 1 161 ауыл 4G технологиясына қосылды. Қалғандары бойынша жұмыс жалғасуда.