Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитіне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитіне қатысты

Қазақстан Еуропа Одағы нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын. Еуропалық компаниялар жаңа жобаларды қаржыландыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңын пайдалана алады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Самарқандтағы «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитінде айтты. Мемлекет басшысы экономикадан бөлек, энергетика саласын да аса маңызды бағыт ретінде атады. Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Қазақстан жаңартылатын қуат көздері мен экологиялық таза отын жобаларын жүзеге асыруға кірісті. Total, Eni, Svevind секілді бұрыннан келе жатқан серіктестерімізбен және басқа да еуропалық компаниялармен бірге жел, күн электр стансаларының қуатын арттырып, «жасыл» сутегі өндірісі жобасын қолға алдық. Бұдан бөлек, Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжан елдерімен бірлесіп, «жасыл» энергияны Каспий теңізі арқылы Еуропа нарығына жеткізетін біртұтас электр желісін салу бойынша ірі жобаны бастады».

Қазір сирек кездесетін минералдарды игеруде ынтымақтастықтың стратегиялық маңызы зор. Президент Астанада осы металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды. Еуропа Одағы мен Орталық Азияны байланыстыратын тағы бір сала – транзит. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуеті зор. 2027 жылға қарай жүк көлемін 10 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.  Еуропа Одағының Орталық Азия өңіріндегі орнықты көлік байланысының дамуына Global Gateway оң септігін тигізеді. Мемлекет басшысы цифрлық технологияны дамыту мәселесіне айрықша тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Еуропа Одағы Team Europe бастамасы арқылы Орталық Азия елдеріне цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты өркендетуге көмек көрсетіп келеді. Қазақстан бұл бағытта тәжірибе алмасуға дайын. Осы орайда Astana Hub базасында «Орталық Азия – Еуропа Одағы» инновациялық кампусын ашуды ұсынамын».

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласында маман даярлауға басымдық беретін «Орталық Азияға арналған Erasmus+» бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Президент Қазақстан теңгерімді сыртқы саясатты берік ұстанатындығын және мүдделі мемлекеттермен, халықаралық құрылымдармен, соның ішінде Еуропа Одағымен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін баса айтты. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?