Қазақстан өтпелі экономикасы бар елдер мен теңізге шыға алмайтын мемлекеттер ішінде таза тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша бірінші орынға шықты. Капитал салымдарының басым бөлігі өндіріс, көлік, телекоммуникация, қаржылық қызмет, энергетика, тау-кен өнеркәсібі сияқты саладағы жобаларға бағытталып, бірқатары жүзеге аса бастаған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлайды. Бүкіл әлемде тікелей шетелдік инвестициялардың қысқаруына қарамастан, Қазақстанда бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 35% көп тартылды. Мұндай деректер БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының «Инвестициялар жөніндегі дүниежүзілік баяндамасында» көрсетілді. 2020 жылдың қорытындысына сәйкес, елімізде 1,5 млрд доллардан астам шетелдік капиталдың қатысуымен 41 жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны 4 млрд долларды құрады. Қазақстан ТМД елдері арасында едәуір алға жылжыған.
Алмас Айдарұлы, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- 2019 жылы ЮНТАКД-тың көрсеткіші бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2,9 млрд құраған, 2020 жылы 35% өсіп отыр. Егер тікелей көлемін алатын болсақ, ТМД арасында біздің алдымызда тек Ресей мемлекеті тұр, себебі экономикасы 10 есе көп. Біз де сол көрсеткіштің жартысына жақындап қалдық.