Қазақстан мен Швейцария логистика, агроөндірістік кешен,
энергетика және қаржы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Қос тарап
бірлескен жобаларды дамытуға мүдделік
танытуда. Жақында Женевада өткен халықаралық сауда форумына қатысушылар осындай
байламға келді. Бүгінде екіжақты тауар айналымы 1,5 млрд долларға жуықтаған, ал
швейцариялық инвестициялар көлемі 36 млрд доллардан асты. Инвесторлардың бірі еліміздің
бірқатар өңірінде ауыл шаруашылығы жобаларын жүзеге асыруда. Басты назар
суармалы егіншілікті дамытуға және заманауи агротехнологияларды енгізуге
аударылмақ.
Алексей
Заботин, Harvest Agro Коммерция және
бизнесті дамыту жөніндегі директоры:
- Біз пилоттық жобаны үш өңірде іске қостық. Ол
Қызылорда, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылуда. Осы өлкелердегі
жоба аясы 15 мың гектар жерді қамтиды. Біз мемлекет тарапынан қолдауға ие болдық.
Су үнемдеу технологияларына негізделген озық жобаны елдің тоғыз өңірінде жалпы
көлемін 150 мың гектарға дейін кеңейтуді көздеп отырмыз.
Халықаралық әріптестердің қызығушылығы еліміздің
ресурстық әлеуетімен де байланысты. Оның үстіне жүргізіліп жатқан реформалар Қазақстанның
инвестициялық тартымдылығын арттыруға, шетелдік әріптестер тарапынан сенімді
нығайтуға септеседі. Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік бағыттарын дамыту
да басты назарда. Қазақстан бұл жүйеде маңызды рөл атқарады және Еуразияның
негізгі транзиттік орталықтарының бірі болып қала бермек.
Андреа Райсдорф, Fracht Group Логистикалық компанияның директоры:
- Жалпы Орта дәліз – Еуропа немесе Еуразия елдерін
Қытаймен байланыстыратын әлемдегі ең әлеуетті жобалардың бірі. Осы бағытпен ауыл
шаруашылығы немесе тау-кен өнеркәсібі өнімдерін Қазақстан арқылы транзиттеу
мерзімін қысқартудың көптеген тың тәсілдері бар. Қазақстан Еуропаға ең ірі жеті
мұнай жеткізушінің бірі. Яғни, бұл өнім бойынша әлемдік жеткізу көлемінің 1,5%
қамтамасыз етеді. Сондықтан сұраныс әлі
де өсе түсетініне сенімдімін.

