Сенат жаңа Экологиялық кодексті қабылдады

Қоршаған ортаға ұқыпсыз қарап, залалын тигізгендер шығынға батады. Парламент Сенаты осыған басымдық берілген жаңа экологиялық кодексті мақұлдады. Бір сөзбен, қоршаған ортаны ластаушы оның залалын өзі жоюға міндетті.

Сондай-ақ кодекс өндіріс ошақтарына озық технологиялар енгізу арқылы елдегі экологиялық ахуалды жақсартуды көздейді. Бұл орайда алдымен бар ластанудың 80 проценті тиесілі 50 ірі кәсіпорын озық үлгідегі технология ендіруді бастайды. Бұндай жаңғырту әрине ынталандырылады. Нәтижесінде олар эмиссия төлемдерінен босатылады. Қабылданған құжатта рұқсатсыз эмиссиялар үшін әкімшілік санкциялардың мөлшері 10 есе, ал қалған құқық бұзушылықтар бойынша орта есеппен 2 есе ұлғайды.

Мәселен, жасыл желек тамырына заңсыз балта шауып, ара салған үшін салынатын әкімшілік айыппұл көлемі 5 есеге өсті.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Мұндай құқықбұзушылық қайталанған жағдайда немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ағаштарды кескені үшін жеке тұлғаларға – 150, шағын кәсіпкерлерлік субъектілеріне – 450, ірі кәсіпорындарға 1500 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл салынады. 1500 айлық есептік көрсеткіш дегеніміз – 4 млн 375 мың теңге көлеміндегі айыппұл. Егер келтірілген шығын 100 айлық есептік көрсеткіштен асса, онда заң бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Жеңіс Ермұқанов