Қазақстанда 9 айда электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6% құрады. Оның ішінде жел электр станцияларының үлесі басым. Еліміздің Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2027 жылға дейін Жетісу өңірінде жаңартылатын энергия көздерінің екі нысаны салынады деп күтілуде. Атап айтсақ олар – су және жел станциялары. Сонымен қатар 2025 жылдың жазында Жоңғар қақпасы аймағында жел электр станциясын салу жоспарлануда. Бұл – Қазақстан мен Сауд Арабиясының бірлескен жобасы.
2035 жылға қарай
Қазақстанда 6,5 гигаватт жаңартылатын энергия ресурсы пайда болады. Жыл басында
елдегі баламалы энергия көздерінің қуаты 2,5 гигаваттқа жеткен. Бұл көрсеткіш
былтырғымен салыстырғанда 20% артық.
Бұл туралы QAZAQ GREEN порталы мәлімдеді. Сарапшылардың айтуынша, алға қойылған
мақсат айқын. Бүгінде елдегі жаңартылатын энергия көздері қазбалы энергетикалық
ресурстарды алмастыра алады. Қазір көптеген «жасыл» жобалар жылу электр
станцияларымен тең дәрежеде бәсекеге түсуде. Сонымен қатар мемлекет тарапынан
да қолдау көрсетіліп келеді. Оның ішінде жел электр станциялары мен күн
панельдерін орнату шығындарының 35% мемлекет өз мойнына алған. Еске салсақ,
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елдің энергетикалық
құрылымының өзгеретінін айтты. Төрт жыл ішінде шамамен 1,5 гигаватт қуат
енгізілетінін атап өтті. Ал 2060 жылға қарай Қазақстандағы жаңартылатын энергия
көздерінің үлесі 80% асуы тиіс.