Өзбекстанда Термез диалогының екінші отырысы өтті. Жиында
Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері
талқыланды. Іс-шараға саясаткерлер, дипломаттар, сарапшылар, іскер топтардың,
сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Басқосуда көлік
және логистика мәселелеріне баса назар аударылды. Қатысушылар Орталық Азия
елдерінің теңізге шыға алмайтынын және бұл жағдайда жаңа бағыттарды дамыту,
көлік шығындарын азайту және өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту ерекше
маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар, жиын барысында сарапшылар
саяси-экономикалық ықпалдастық, климаттық бейімделу, сондай-ақ
мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты.
Каха
Имнадзе, БҰҰ бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі:
- Екінші Термез диалогы - өте маңызды форум және ол қарым-қатынас
алаңына айналды. Бұл Өзбекстан ұсынып отырған басқа бастамалар сияқты
тұрақтылықтың, бейбітшіліктің, қауіпсіздік пен гүлденудің аса маңызды шарттары
сенімді нығайтуға қызмет етеді. Олар қоғамдар мен мәдениеттерді жақындастыруға
бағытталған. Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің ортақ тарихы және өркениеттінің
түп тамыры бір. Мемлекеттер мен халықтарды біріктіретін осындай бірегей
алаңдардың мән-маңызы айрықша.
Бұл диалог - бірлесіп тұрақтылықты қамтамасыз етуге негізделген Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес тұжырымдамасына сәйкес келеді.
Қайрат Сарыбай, Азиядағы Өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бас хатшысы:
- Термез диалогы бүгін Азиядағы өзара ықпалдастық және
сенім шаралары жөніндегі кеңесті осы керемет қалаға алып келді. Себебі біздің
мақсаттарымыз Термез диалогының міндеттеріне сәйкес келеді. Азия халықтары
диалог орнатуға ұмтылады, сол арқылы біз өзара үндесіп жұмыла алатын әлеуетті салаларды
анықтаймыз. Кез келген кооперация экономикалық өнімді ұлғайтуға, мәдени
алмасуды жақсартуға мүмкіндік туғызып, дамуымызға тың серпін береді.

