Алматыда Қазақстан-Ресей екінші медиафорумы өтті. Қазақстандық делегацияны
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, ресей өкілдерін - Ресей Президенті Әкімшілігі басшысының
орынбасары - Баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бастады. Іс-шараға, сондай-ақ
мемлекеттік құрылымдар мен ірі қазақстандық және ресейлік БАҚ басшылары
қатысты. Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен
Владимир Путин екі ел арасындағы ынтымақтастықтың өзгелерге үлгі боларлық
сипатта екенін және жоғары деңгейдегі ықпалдастықты сақтау екіжақты
қарым-қатынастың барлық бағытындағы күнделікті жүйелі жұмысты қажет ететінін
атап өтті. Басқосуда цифрлық трансформация дәуіріндегі дәстүрлі БАҚ-тың рөлі,
ақпараттық әріптестік тетіктері, медиа саласында жасанды интеллектіні пайдалану
сияқты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, іс-шара аясында Дмитрий Песков Ресей
Қазақстан Президентінің қарашада өтетін алғашқы мемлекеттік сапарына дайындалып
жатқанын хабарлады. Ол алдағы оқиғаның маңыздылығы мен ауқымын атап өтті.

