Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ үшінші конференциясына қатысты

Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ үшінші конференциясына қатысты

Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясына қатысты. Аваза спорт кешенінде Қасым-Жомарт Тоқаевты Түрікменстан Президенті мен БҰҰ Бас хатшысы қарсы алды. Ал, БҰҰ конференциясының ашылу салтанатының алдында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі өтті. Мұнда тараптар өңір елдерінің одан арғы ынтымақтастығының басым бағыттарын талқылады. Айта кетейік, өзара қарым-қатынас - теңізге шыға алмайтын елдер үшін даму жолының маңызды қадамы, деп сенеді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Президенті БҰҰ-ның үшінші конференциясында сөйлеген сөзінде аймақтағы шектеулі байланыс – теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің басты проблемасы екенін атап өтті. Бұл транзит және сауда шығыны, сондай-ақ геосаяси факторларға осалдық секілді біршама экономикалық қиындық тудырады. Аталған кедергілер азаматтардың әл-ауқатына әсер етіп, бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді және халықтың өмір сүру деңгейіне әсер етеді. Президенттің айтуынша, осы топ құрамындағы 32 дамушы елде жарты миллиардтан астам адам тұрады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Теңізге шығар жолы жоқ көптеген дамушы ел су тапшылығы, мұздықтардың еруі, шөлейттену секілді экстремалды табиғи құбылыстарға душар болып отыр. Бұл проблемаларды шешу үшін өңір елдерінің ортақ күш-жігері мен белсенді халықаралық қолдау қажет. Дегенмен, менің ойымша, климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары теңгерімді әрі инклюзивті сипатын сақтап, елдердің даму жолындағы сұраныстарына сай болуға тиіс. Климаттық өзгерістермен күреске жұмылу мақсатында Сіздерді келесі жылы сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірге Астанада ұйымдастырылатын Өңірлік экологиялық саммитке шақырамын.

Мемлекет басшысы өңірлік күн тәртібі жөнінде пікір білдіріп, елдердің мүмкіндігі географиямен шектелмейтінін Орталық Азия тәжірибесі көрсетіп отырғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мақсаттары мен қағидаттарына бейіл екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Орта дәліз және «Солтүстік – Оңтүстік» бағдары бойындағы көлік жолдары мен транзит инфрақұрылымын дамытуға баса мән береміз. Түпкі мақсатымыз – темір жолдың, автокөлік жолдарының, сондай-ақ авиация мен логистика орталықтарының біртұтас желісін құру. Бұл Қазақстанның Еуразиялық транзит хабы ретіндегі позициясын нығайтады. Қазіргі кезде Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы еліміз арқылы өтеді. Біз сондай-ақ цифрландыруға инвестиция құйып жатырмыз.

Жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның алғашқы конференциясын өткізіп, жетекші рөл атқарды. Мемлекет басшысы Қазақстанның Аваза іс-қимыл бағдарламасын инклюзивті және орнықты келешекке жеткізер жол картасы ретінде толық қолдайтынын мәлімдеді. Бұл маңызды бастама транзиттік елдердің, халықаралық даму ұйымдары мен қаржы институттарының саяси қолдауына ие болуы тиіс. Көлік, энергетика және цифрлы инфрақұрылым сияқты басты секторларға инвестицияны ынталандыруға арналған жаңа қаржы тетіктері керек. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?