Қазақстан Үкіметі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамын қарады. ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім еткендей, биыл отандық экономика өсімі 3,1% деңгейінде болады деп күтілуде. Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 77,8 трлн теңге көлемінде бағаланып отыр. Атап айтқанда, металлургия, құрылыс, ақпарат пен байланыс салаларында көрсеткіштердің жақсаруы болжануда.
«Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 10,8 млрд долларға яғни 52,2 млрд долларға дейін ұлғаяды. Импорт 37,1 млрд долларды құрайды. Инфляция бұрын бекітілген 4-6% дәлізде сақталды», – деді Әсет Ерғалиев. Премьер-Министр әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2025 жылға дейінгі нақтыланған республикалық бюджет туралы заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Қазақстан экономикасының жыл басынан бері өсуі бойынша шұғыл деректерді және әлемдік тауар нарығындағы жағдайды, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсу болжамдарын есепке ала отырып, Үкімет әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021 жылға арналған болжамының көрсеткіштері мен индикаторларын қайта қарады. Мысалы, 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,1%, мұнай бағасы бір баррель үшін 50 доллар, ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 425 теңге деңгейінде болжанып отыр. Осыған байланысты республикалық бюджет жобасы әлеуметтік-экономикалық дамудың нақтыланған болжамын есепке ала отырып қалыптастырылды.
Авторы: Ақзер Сегізбай