Теннистен Қазақстан мен Жапония құрамалары арасындағы іріктеу ойынының жеребе тарту рәсімі өтті

Токиода теннистен Қазақстан мен Жапония әйелдер құрамаларының арасындағы іріктеу матчының жеребе тарту рәсімі өтті.

Естеріңізге сала кетсек, осы сайыстан сүрінбей өткен командалық «Билли Джин Кубогі» деп аталатын Әлем Чемпионатына жолдама алады. Алғаш болып кортқа Анна Данилина мен Нао Хибино шығады. Артынша, команда жетекшісі Юлий Путинцева 4 дүркін «Үлкен дулыға» турнирлерінің жеңімпазы Наоми Осакамен бақ сынасады.

Юлия Путинцева, теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі:

– Наомимен мен бірнеше рет ойнағанмын. Сондықтан, толықтай дайынмын. Оның ойын мәнерінен де жақсы хабардармын. Соңғы өзгерістерді, әлбетте бапкермен саралап, барлығына дайын боламыз.

Барлығы кездесуде 5 ойын болады. Оның ішінде 3 рет қарсыластан басым түскен команда жеңімпаз атанады. Ең соңғы – жұптар арасындағы матч кездесу тағдырын шешеді. Бұл ретте, сарапшылардың пікірінше, жапон дуэті Сюку Аояма мен Эна Сибихара қағаз жүзінде фавориттер. Дегенмен, қазақстандық жұп – Анна Данилина мен Жібек Құламбаева да лайықты қарсылық көрсететініне ешкім шүбә келтірмеуде.

Анна Данилина, теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі:

– Қарсыластарымыздың жұптары өте мықты әрі үйлесімді. Бірге ойнап келе жатқандарына біраз уақыт болған. Дегенмен, мен де оларға қарсы бірнеше рет ойнағандықтан, бір-бірімізді жақсы зерттеп алдық. Тек менің жұбымды олар соңына дейін білмеді. Бұл бізге көмектесетін бір фактор.

Айта кетейік, үздік қазақстандық теннисшілердің бірі – Зарина Диас әзірге ойын алдындағы тізімде жоқ. Себебі, бірнеше ауыр жарақаттардан кейін, спорттық бабында болуы екіталай.