Қазақстан Сенаты Қытаймен көлік келісімін мақұлдады

Қазақстан мен Қытай логистикалық орталықтарды бірлесе дамытады. Бұл Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк тасымалын едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сенат екі ел үкіметтерінің арасындағы дәлізді дамыту бойынша келісімді ратификациялады. Аталған құжат автомобиль, темір жол мен теңіз бағыттарын тиімді пайдалана отыра, жүк тасымалдауға қолайлы жағдай жасайды. Аспан астымен жасалған тағы бір келісім ратификацияланды. Ол да «Орта дәлізге» тікелей қатысты. Атап айтсақ, «Қытай – Еуропа» бағытында жүк контейнерлері тиелген пойыздардың қозғалысын реттейді. Сонымен қатар, Транскаспий бағыты арқылы жыл бойы тасымалданатын жүк көлемін болжауды көздейді. Бұл екі ел арасындағы көлік қозғалысының озық жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Одан бөлек, келісімнің арқасында қос мемлекет ақпарат алмасып, пойыздарды бақылау арқылы жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.

 

Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– 2023 жылы Транскаспий көлік дәлізі арқылы контейнер тасымалы жиырма футтық өлшем бірлігімен санағанда 20,5 мыңға жетті. Бір қызығы, биыл жыл басынан бері 4 айда осы бағыт арқылы контейнер тасымалы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70% өскен. Бұл айтарлықтай өсім және осы бағыттың халықаралық көлік және логистикалық байланыстар ішіндегі маңыздылығын айқындайды. Өз кезегінде осы келісімнің заман талабына қаншалықты сай әрі өзекті екенін көрсетеді.

Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік қозғалысын жүзеге асырып, оған қолайлы жағдай жасау үшін тағы бір келісім жасалған. Ол бойынша көлік пен жүргізушіге қойылған талаптар, кепілдік, салық салу мен бақылау-өткізу бекеттеріндегі тексеріс мәселелері бір ізге қойылады. Бастысы – құжат екі ел ішіне кіру нормаларын да реттемек. Осылайша, қазақстандық көлік жүргізушілері Қытайдың ірі қалалары мен порттарына дейін емін-еркін бара алады. Сонымен қатар, Парламент Түркі Мемлекеттері Одағы үкіметтерінің бірлескен жүк тасымалы туралы келісімін ратификациялады. Барлық мемлекет басшысына құжаттар қол қоюға жіберілді.