Түркістан - Қазақстанның рухани астанасы. Наурыз мейрамында көне шахарға шетелдік туристер ағыны еселенген. Қалада ұлттық спорт түрлерінен ірі сайыстар өтті. Садақ ату, теңге ілу Азия біріншілігі, асық атудан әлем кубогы және аударыспақтан республикалық турнир ұйымдастырылды.
Мыңнан астам адам бір уақытта асық атып, Қазақстан рекорды жаңарды. Халықаралық додаға Өзбекстан, Пәкістан, Моңғолия, Түркия сынды 11-елден 40-қа жуық спортшылар жиналды.
Кристина Карамышина, Көкпар және ұлттық спорт түрлері одағының президенті /Ресей/:
- Мені ең алдымен қаланың аз уақыт ішінде қалай түрленіп құлпырғаны таң қалдырды, яғни заманауи құрылыс, ультра сәнді сәулет, шығыстық, азиялық дизайн көрініп тұр.
Түркі әлемінің астанасы саналатын қалада көкпардан әлем чемпионаты өтті. Ат үстіндегі аламанға төрткүл дүниенің 9 мемлекетінен 200-ден астам шабандоз жиналған. Олар Түркістандағы жаңа атшабардың түндігін түріп, бас бәйге 30 млн теңгеге таласты.
Иштван Бенци, Этноспорт федерациясының президенті /Венгрия/:
- Мен Қазақстанға 47-ші рет, ал Түркістанға - үшінші рет келіп отырмын. Елдеріңізді өте жақсы көремін, мен әрдайым Қазақстанға үлкен қуанышпен келемін. Әсіресе, Наурыздың құрметіне ұлттық спорт түрлерінен осындай ауқымды жарыстар өтіп жатқаны таң қалдырды. Бүгінгі қатысушылар қатарында біздің спортшылар да бар. Біз де Венгрияда ат спортын, соның ішінде көкпарды белсенді дамытудамыз, сондықтан бізге бұл мерекелік рух өте жақын.

