Теннистен Қазақстан Әйелдер құрамасы Токиодағы соңғы кездесуде Жапониядан басым түсті

Теннистен Қазақстан Әйелдер құрамасы Токиодағы соңғы кездесуде жапон қыздарынан басым түсті. Осылайша, отандық бұрымды теннисшілер «Билли Джин Кинг» кубогінің іріктеу кезеңіндегі жарыс жолын аяқтады. Соңғы ойында отандастарымыз Анна Данилина мен Жібек Құламбаева Эна Сибахара мен Сюко Аояманы тізе бүктірді. 3 сэтке созылған кездесуде ойын 7:6, 3:6, 11:9 есебімен аяқталды. Данилина-Құламбаева жұбы бірге Қазақстан құрамасының сапында осымен екінші жеңісіне қол жеткізді. 

Жібек Құламбаева, теннистен Қазақстан Әйелдер құрамасының мүшесі

– Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын. Көрерменге лық толы осындай керемет стадионда ел намысын қорғау – үлкен мәртебе. Жанкүйерлер ойынға дем бергендей. Өте қиын, эмоцияға толы ойын болды. Бірден екі матч-болды уысымыздан шығарып алғанымызбен, үшіншісін қарсыласқа бере қоймадық.

Анна Данилина, теннистен Қазақстан Әйелдер құрамасының мүшесі:

– Матч өте қиын өрбіді. Біз барынша лайықты ойын өрнегін көрсетуге тырыстық. Әлбетте, елімізде өткізген жаттығудың көп пайдасы тиді. Осы демалыста қыздар керемет ойын көрсетіп, бізге сәттілік серік болды деуге болады. 

Алайда, бұған дейін Қазақстан құрамасы жапон бұрымдыларына үш ойында есе жіберген. Айта кетейік, Токиода Анна Данилина мен Жібек Құламбаевадан бөлек, Юлия Путинцева, Зарина Диас пен Аружан Сағындықова ел намысын қорғады. Қазақстан құрамасы енді «Билли Джин Кинг» кубогінің плей-офф кезеңінде сынға түседі. Келесі қарсылас бір аптадан кейін өтетін жеребе тарту рәсімінде белгілі болмақ.