Қазақстандық ғалымдар құрылыс секторына қажетті жобалар ұсынды

Астаналық ғалымдар Қазақстанның құрылыс нарығына өздерінің инновациялық технологияларын енгізбек. Бұл үшін олар Ғылым қоры ұйымдастырған коммерциаландыру реакторы жобасына қатысады. Оның мақсаты – бірлесе қаржыландыру үшін инвестор тартып, артынша 350 млн теңге көлемінде грант жеңіп алу және өз жобаларынан пайда көру. Қатысушылардың қатарында Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры – Асқар Жүсіпбеков те бар. Жас ғалымдар тобымен бірлесе олар ерекше геоақпараттық мәліметтер базасын құрды. Ол қазақстандық қалалардың топырақ кеңістігінің зерттеулерін бір жүйеге кіргізуді көздейді. Айта кетер жайт, бұған дейін жоба түрлі гранттарды ұтып алып, Алматы мен Астана қалаларының жерасты кеңістігін біршама зерттеп үлгерген. Алдағы уақытта осы екі мегаполистегі зерттеу ауқымын кеңейтіп, еліміздің өзге өңірлерінде де осы жұмысты жүргізуді жоспарлап отыр.

 

Асқар Жүсіпбеков, Л.Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ «Құрылыс» кафедрасының профессоры :

-Нөсер жаңбыр топырақты шайып, оның қасиеттерін өзгертеді. Біз тікелей топырақ негіздерін зерттедік. Себебі, оның көтеру қабілеттілігін дәл анықтау кез-келген нысан мен ғимарат салу мен пайдалану қауіпсіздігіне әсер етеді. Геоақпараттық мәліметтер базасы расымен сұранысқа ие. Өйткені, көптеген құрылысшылар, жоба жасаушы ұйымдар алдымен физико-математикалық қасиеттерді анықтау арқылы, тендер кезінде іргетасқа қалай өтініш беретіндеріне де талдау жүргізеді.

 

Жалпы, ғалымдар бұл жолы 8 жобаны таныстырды. Оның ішінде мониторингтік жүйелер мен құралдар, сонымен қатар, үй мен жол құрылысы саласындағы жаңа технологиялар бар.

 

Камил Акатов, «Ғылым Қоры» АҚ басқарма төрағасы :

-Реакторлардың негізгі бағыттары ғылым мен бизнесті ықпалдастыруға бағытталған. Коммерцияландыру - біздің ғалымдардың ғылыми әзірлемелерін өнеркәсіпке енгізуге, құрылысқа енгізуге, медицинаға және басқа да салаларға енгізуге мүмкіндік береді. 2023 жылдан бастап біздің қор салалық бағыттағы мамандықтарға арналған реакторлар арнап келген. Бұл жолы біз құрылыс жұмыстарына арнап отырмыз, себебі бұл экономикалық ахуалдың дамуына серпінді әсер етеді.

 

Ғылым Қоры өкілдерінің айтуынша, коммерциаландыру реакторы елімізде былтырдан бері жұмыс істеп келеді. Оның қатысушыларының жартысы өз жобаларын жүзеге асыруға грант алып үлгерген.