Мемлекет басшысы
Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Қазақстан Президенті өңірдегі бірқатар
кәсіпорынды аралады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары фармацевтикалық
кәсіпорындардың қызметімен танысудан басталды. «Әмір және Д» дәрілік заттар мен
В және С гепатитін, ВИЧ-инфекциясын, миокард талмасын диагностикалауға арналған
жедел тестілердің көптеген түрін шығарады. Ал «Super-pharm» кәсіпорыны медициналық
бетперделер, бір реттік қорғаныш киімін, шприцтер, және қанды қайта құюға
арналған система құралдарын өндіреді. Аталған компания елдің бір реттік
қолдануға арналған медициналық бұйымдарға сұраныстың 30% қамтамасыз етеді. Президент
саланың дамуы импортқа тәуелділікті төмендетіп, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін
нығайтуда маңызды екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы
«Тараз» шағын индустриалдық аймағын да аралап көрді. Мұнда Қасым-Жомарт
Тоқаевқа аймақтың дамуы жөнінде мәлімет берілді. Жыл басынан бері 600 млрд
теңге жуық инвестиция тартылған. Соңғы екі жылда жалпы құны 242 млрд теңге
болатын 56 инвестициялық жоба іске асты. Бұл қатарда минералды тыңайтқыштар
өндіретін кәсіпорын бар. Президентке салынып жатқан металлургия зауыты және Жаңатастағы
«ЕвроХим-Қаратау» ауқымды инвестициялық жобасы таныстырылды. Күкірт қышқылын
өндіретін зауытты іске қосу алдындағы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан
бөлек, индустриалдық аймақта шығарылатын ауылшаруашылық техникалары мен әйнек
өндіретін зауыт қызметі көрсетілді.
Мемлекет басшысы Тараздағы мамандандырылған әскери мектеп-интернатқа барды. Білім ошағының негізгі мақсаты – келешектегі Отан қорғаушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру. Президент оқушылармен әңгімелесіп, мемлекет тарапынан әскери білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Білім ошағына Бауыржан Момышұлының портретін және мектеп автобусын сыйға тартты. Кейін Мемлекет басшысы Тараздағы аритмология клиникасының жұмысымен танысты. Өңірдегі бірегей орталық кардиологиялық және кардиохирургиялық көмектің толық спектрін көрсетеді.

