Теңге
ілу спорты бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының сапына
3 спортшы кірді. Олар еліміздің намысын V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында
қорғайды. Ұлттық құрама қатарына Олимпиадалық дайындық орталығында өткен
іріктеу сайыстарының нәтижесінде үздік спортшылар шақырылды. Іріктеу бірден үш
стиль – «Қос құлаш», «Бес белес» пен «Жеті құт» бойынша сынға түсті. Айта
кетейік, көшпенділер ойындарының ішіндегі теңге ілу бойынша бәсеке Этноауылда
11 мен 13 қыркүйек аралығында өтеді.
Бақыт Төлтай, Теңге ілуден Қазақстан ұлттық құрамасының
мүшесі:
– «Жеті құт» бойынша мен өзім бірінші айналымда жеті теңге ілдім. Екінші айналымда да жеті теңге ілдім. Содан алға шықтым. Ауылда атқа мініп өскенбіз. Көкпар шапқанбыз. Одан кейін өзіме ыңғайлысы теңге ілу болғандықтан, осыны таңдадым. Көшпенділер ойындарын біраз уақыт болды күтіп жүргенімізге. Құдай қаласа, Көшпенділер ойындарында Қазақстанның намысын қорғап, бірінші орын алуға тырысамыз.
Бекнұр Серіков, Теңге ілуден Қазақстан ұлттық құрамасының
мүшесі:
– Теңге ілуде 3 стиль
бар ғой. Мен көбінесе, «Жеті құт» стиліне көп дайындаламын. Көшпенділер
ойындары Қазақстанда өтетін болып жатқан соң, мен үшін ол – үлкен жарыс. Бұл
жерде қобалжулар болады. Өзіміздің елде болған соң, көк туымызды желбірету
керек.