Әлемнің үздік гроссмейстерлері Астанаға шахматтан әлем чемпионатына келді

Астанада рапид және блиц бойынша FIDE командалық әлем чемпионаты өтуде. Салтанатты ашылу Есіл өзенінің жағасындағы амфитеатрда өтті. Сонымен қатар, бұл жерде FIDE Халықаралық шахмат федерациясының 100 жылдығы мен 45-ші Олимпиадаға арналған алау эстафетасы өтті. Оған Премьер-Министр де қатысты. Олжас Бектенов олимпиада алауын FIDE Президенті Аркадий Дворковичтің қолынан қабылдап, оны Қазақстан шахмат федерациясының басшысы Тимур Турловқа табыстады. Алау Қазақстанға халықаралық шахмат федерациясының отаны – Парижден келді.


Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:


- Олимпиада алауының Астана қаласында жағылуы – қазақстандықтар үшін зор мақтаныш пен мәртебе. Мұндай халықаралық деңгейдегі дүбірлі дода шахмат спортының одан әрі дамуына үлкен үлес қосып ғана қоймай, өскелең ұрпақтың шахматқа деген қызығушылығын одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі шахматты қолдау мен дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Бүгінде елімізде 200 мыңнан астам адам шахматпен шұғылданады. Бұл көрсеткішті 2 есе арттыру мақсатында Үкімет шахматты дамытудың 5 жылдық кешенді жоспарын қабылдады.


Рапид пен блицтен FIDE командалық әлем чемпионатына 39 командадан тұратын әлемнің 315 үздік шахматшысы қатысады. Қазақстанның атынан Бибісара Асаубаева, Әлішер Сүлейменов, Дәрмен Сәдуақасов, Алдияр Аңсат, Меруерт Кәмәлиденова, Алуа Нұрман және басқа да көптеген танымал спортшылар шығады.