Тасқыннан зардап шеккен қазақстандықтарға 150 АЕК-ке дейін өтемақы төленеді

Тасқыннан зардап шеккен қазақстандықтарға 150 АЕК-ке дейін өтемақы төленеді

Қазақстанда су тасқыны жағдайы тұрақталып келеді. Бүгінде Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында қауіптің беті қайтты. Өте күрделі ахуал қалыптасқан Петропавл және Құлсары қалаларында су тартыла бастады. Қауырт маусымда қызыл судың құрсауында қалған аумақтардан 119 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл жөнінде үкімет отырысында Премьер-Министр мәлімдеді. Қазір мамандар төтенше жағдайдың салдарымен күресуде. Су басқан өңірлерде тұрғын үй мәселесін жедел шешудің тетіктері әзірленді. Жаңа құрылысқа жер учаскелерін таңдау жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, Ақтөбе облысында баспана құрылысы басталды, Ақмола, Қарағанды, Қостанай өңірлерінде дайын жаңа тұрғынжайлардың кілттері табысталуда. Сондай-ақ зардап шеккендерге келтірілген өзге де шығындарды өтеу тәртібі бекітілді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

-Қазіргі уақытта 11 мыңға жуық отбасы 100 АЕК мөлшерінде төлем алды. Бұл үлкен жұмыстың басы ғана. Оған қосымша тағы 150 АЕК-ке дейін өтемақы төлейтін боламыз. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып ала алады. Сондай-ақ кәсіпкерлердің де шығындары өтеледі. Азаматтарға айтарым, сабырлық сақтаңыздар. Ешкім де көмексіз қалмайды.