Қазақстанда заңнамалық жүйені жаңарту басталды

Қазақстанда заңнамалық жүйені жаңарту басталды

Жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстанның саяси жаңғыруының негізгі белесі болды. Мәжілістің жалпы отырысында Ерлан Қошанов референдумның маңызына тоқталып, азаматтардың жоғары белсенділігін атап өтті. Парламенттің төменгі палатасы спикерінің айтуынша, Негізгі заңға мұндай ауқымды қолдау Мемлекет басшысының саяси бағытына қоғам сенімінің жоғары деңгейін көрсетеді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Біз қуатты, әділетті және прогрессивті Қазақстанды құру жолында қарай батыл қадам жасадық. Референдум еліміздің Президенттің бағдарының маңайына ұйысып, барынша тұтастана түскенін көрсетті. Бұл ретте жаңа халықтық Конституцияның халықтан жаппай қолдау тапқаны біз үшін де, өте зор мерей. Бұған өңірлердегі кездесу барысында да нақты біз көз жеткіздік. Коалиция құрамында депутаттар барлық аймақты аралап шықты. Біз еңбек ұжымдарымен кездесіп, ауыл-ауылдарда, аудандар мен қалаларда тұрғындармен ашық әңгіме өрбіттік. Жаңа ата заң мәтінін әзірлеуге де біз бір кісідей ат салыстық. Сол үшін бүкіл депутаттық корпусқа бүгін шынайы алғысымды білдіргім келеді.

Ерлан Қошанов депутаттық корпустың алдында тұрған басым міндеттерді белгіледі. Қабылданған конституциялық өзгерістерді қысқа мерзімде құқықтық сүйемелдеуді қамтамасыз ету қажет. Жақын арада Парламентке тиісті заң жобаларының пакетін енгізу жоспарланып отыр.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Президент, Құрылтай, Халықтық кеңес, астананың мәртебесі және елдің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңадан бес конституциялық заң қабылдайтын боламыз. Сонымен бірге тағы 8 конституциялық заң мен 60-тан астам түрлі заңдарға түзету енгізуіміз қажет. Бұл өте жауапты міндет. Бұдан бөлек, Президентіміз бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы рақымшылық жариялау жөнінде шешім қабылдады. Сессия соңына дейін бұл заңды да қабылдауға тиіспіз. Сондықтан, бізге, депутаттарға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?