Қазақстанда АҚШ Қаржы корпорациясының халықаралық даму жөніндегі тұрақты өкілдігі ашылуы мүмкін. Бұл жөнінде Ақордада өткен кездесуде айтылды. Мемлекет басшысы АҚШ Қаржы корпорациясының халықаралық даму жөніндегі атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады. Қазақстан Президенті бұл сапар Вашингтонда қол жеткізілген келісімдердің жалғасы, сондай-ақ АҚШ-пен сан қырлы ынтымақтастықты тереңдету жолындағы маңызды қадам саналатынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ақ үй әкімшілігіне Дональд Трамп келгеннен бастап Вашингтон Астанамен және Орталық Азия аймағымен ықпалдастықты айтарлықтай жандандырып, бүгінде бұрынғыдан да беки түскен. Ал АҚШ Қаржы корпорациясының инвестициялық басымдықтары Қазақстанның даму күн тәртібіне сай келеді. Мемлекет басшысы қазақстандық тараптың бірлескен жобаларды нақты іске асыруға дайын екенін растады. Өз кезегінде Бен Блэк Қазақстанның іскерлік қауымдастығымен өте нәтижелі әрі мазмұнды кездесу өткеніне тоқталды. Кездесуде аса маңызды минералдар, өзара көлік байланысы, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

