Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге интернет желісі қосылады

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге интернет желісі қосылады

Цифрлық даму министрлігі су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 30-дан астам Starlink терминалын жіберді. Бұл жабдық спутниктік байланыс арқылы интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бірінші кезекте мектептер оқу процесін үздіксіз қамтамасыз етуі үшін терминалдармен жабдықталады.

Альбина Атен, ҚР ЦДИАӨМ ресми өкілі:

-Цифрлық даму министрлігінен Қостанай облысына 30 Starlink терминалы, Ақтөбе облысына 3 терминал, БҚО-на 2 терминал, Ұлытау облысына 1 жинақ, Атырау облысына 6 терминал, Шығыс Қазақстан облысына 2 терминал және Солтүстік Қазақстан облысына 3 терминал жіберілді. Қажет болған жағдайда және әкімдіктерден тиісті сұраныс түскен жағдайда министрлік ТЖ кезінде қосымша терминалдар жеткізуге дайын екенін хабарлайды.

Салалық ведомствоның хабарлауынша, қазіргі таңда су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде мобильді байланыс қалпына келтірілуде. Операторлар жұмыс істемейтін жабдықты ауыстыру, қауіпті аймақтардан техниканы көшіру және дизельдік генераторларды қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оған жүздеген маман тартылды. Бұдан бөлек операторлар су басқан аудандардан эвакуацяиланғандарды байланыспен және интернетпен тегін қамтамасыз етті.