Солтүстік Қазақстан облысында
тасқыннан зардап шеккендерге 100 жаңа үйдің құрылысы басталды. Баспана тұрғызуға
60 млрд теңге бағытталды. Бұл туралы өзінің өңірге сапары барысында
вице-премьер Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Ол қайта қалпына келтіру жұмыстарының
барысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Облыс әкімдігіне екі апта
ішінде қираған үйлердің жай-күйін анықтап, қалпына келтіруге кірісу туралы
тапсырма берілді. Айта кетейік, өңір тұрғындарына еліміздің бірден 3 ірі
компаниясы қолдау көрсетіп жатыр.
Қанат Бозымбаев, ҚР вице-премьері:
– Президент барлық келтірілген шығынды өтеуге демеушілердің де қаражаты жұмсалуы тиіс екендігін тағы да айтты. Өздеріңіз көріп тұрғандай ірі кәсіпкерлер мен кәсіпорындар үн қосып, өздерінің көмек көрсетуге әзір екендерін жеткізді. Қазір де көптеген жеке компаниялар тасқыннан зардап шеккен өңірлерге көмектескісі келіп отыр. Жалпы, қол ұшын созуға ниет білдіргендер, жалпы құны 196 млрд доллар бөлейін деп жатыр. Біз әлі де келтірілген шығынды толық есептеп болмадық. Десе де, кәсіпкерлердің қаражаты жаңа үй салуға, баспана сатып алуға және жөндеу мақсатында жұмсалады. Егер бұл ақша да жетпесе, бюджет есебінен өтеуге тура келеді.
Жаңа үйлердің құрылысына 10
мердігер мекеме жұмылдырылды. Таңдалған жерлерде барлық инженерлік инфрақұрылым
мен қажетті байланыс бар. Бұл жаз ортасында-ақ баспананы пайдалануға беруге
мүмкіндік береді. Айта кетсек, жоба облыс әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры
арасында қол қойған меморандум аясында жүзеге асырылады. Вице-премьер, сондай-ақ,
өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңірді қажетті құрылыс материалдарымен
толық қамтамасыз етуді тапсырды.