«Адал адам - адал еңбек». Елордада жұмысшы мамандықтары жылы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған форум өтті. Оған ел кәсіпорындарының қызметкерлері, кәсіптік-техникалық оқу мекемелерінің студенттері, депутаттар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сонымен қатар, Қазақстанның «Еңбек Ері» иегерлері қатысты. Соңғылары іс-шараның құрметті қонақтары ретінде жастармен өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Олар табысты жұмыстың кілті еңбекқорлық пен жалпы адамзаттық құндылықтарды ұстануда жатқанын алға тартады. Өз ісіне адал қызмет етудің жарқын үлгісін Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де танытып келеді. Қазір бірегей келісім институтының қабырғасында студенттік ассамблеялар белсенді жұмыс атқаруда. Ел жастары мұндай алаңдар кәсіби және әлеуметтік тұрғыдан өсуге, шығармашылық қырынан өзін-өзі танытуға ықпал ететінін айтады.
Тимур Жұмырбаев, «Жастар ассамблеясы» РҚБ төрағасы:
- Біз үшін қазақстандық жастардың әлеуметтік, шығармашылық ғылыми және еріктілік белсенділікті дамытуға қатысты халықаралық жобаларға қол жеткізуі маңызды. Біздің жастардың жаһандық деңгейдегі мәдениетаралық диалогты дамытуға белсенді қатысқанын қалаймыз. Этносаралық қатынастар саласын дамыту бойынша отандық тәжірибе ЮНЕСКО сияқты беделді алаңдарда ұсынылуы тиіс деп санаймын.
Александр Олтов, Металлург:
- Баршамызға мәлім, Президент биыл жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл біздің ел игілігі үшін тынбай атқарып жатқан еңбегіміз еленіп жатқанының белгісі деп білемін. Компаниямызда жастар үшін барлық жағдайлар жасалынған. Бастысы тың ойлары бар белсенді жас мамандар жоғары бағаланады. Жастарға бұл мамандықты не үшін таңдағанымды, жұмысымда қалай шабытанатынымды жеткізіп, кәсіби кеңес беруге қашанда дайынмын.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

