Су ресурстарын тиімді пайдалануды қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажет. Премьер-министр Үкіметте өткен вегетациялық кезеңнің өтуі бойынша жиында осындай тапсырма берді. Қазір су қоймаларындағы су көлемі - 19 млрд текше метрден асады. Суармалы су көлемінің 98%-ын оңтүстіктегі бес өңір - Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облысы пайдаланады. Бұл аймақтарда 1,2 млн га жер суарылады. Бекітілген жоспарға сәйкес, аталған өңірлерге биылғы суару маусымында 10 млрд текше метрден астам су беру жоспарлануда. Жетісу мен Алматы өңірінде ауыл шаруашылығы жерлері сумен толық қамтамасыз етілген. Суару маусымы штаттық режимде Жамбыл облысында да сақталып отыр. Түркістан мен Қызылорда аймағында вегетациялық маусым 20 күн бұрын басталды. Өңірде ылғалдылықтың төмендігіне байланысты суды тұтыну шамамен 50%-ға өсті. Су шығынын оңтайландыру және ауылшаруашылық жерлерін біркелкі суаруды қамтамасыз ету үшін кезек-кезек және түнгі суару жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, дренажды су қайта пайдаланылады.

