Қазақстандық компанияның «IoT Sattelite» әзірлемесі Кремний алқабының үздік 5 стартабының қатарына енді

Қазақстандық технологиялық компанияның «IoT Sattelite» әзірлемесі Кремний алқабының үздік 5 стартабының қатарына енді. Заманауи қондырғылар кен орындарын бақылауға, өзендердегі судың деңгейін және ауыл шаруашылығы алқаптары топырағының температурасын анықтауға қабілетті. Ең бастысы бұл бірегей жоба байланыс пен интернет қолжетімсіз жерлерден деректерді спутник арқылы береді. Ғарыштық технологиялар саласында маманданған отандық компанияның жаңа жүйесінің арқасында мәліметті әлемнің кез келген жерінен жіберіп, қабылдауға болады.

Уәлихан Айғужин, «Spacelab» компаниясының инженер-әзірлеушісі:

– Бұл жоба отандық геостационарлық спутник бойынша деректермен алмасуға мүмкіндік береді. Яғни Қазсат-2 және Қазсат-3 спутниктері арқылы жұмыс істейді. Ол қандай да бір телеметрия үшін маңызды деректерді жинайды. Мысалы, газ, метео, сейсмикалық белсенділік және тағы басқа салаларда қолдануға болады. Бұл жүйе байланыстың қалыпты түрлеріне, оның ішінде ұялы телефонға немесе интернетке қол жеткізе алмайтын орындар үшін аса өзекті болады. Ол деректерді тез әрі нақты тарата алуға қауқарлы. 

Қазақстандық стартап өзге де жерсеріктіктермен үйлесе алады. Кез келген жүйеге қосуға жарамды. Яғни, түрлі салалардағы үрдістерді оңтайландыру қабілеті бар. Бұл кәсіпорындар үшін таңдау еркіндігін береді. Бірегей отандық өнертабыс пилоттық сынақтардан мүдірмей өтті. Қазір әзірлеушілер деректерді беру жылдамдығын арттыру бойынша зерттеулер жүргізіп жатыр. Жүйені еліміздің  шалғай аудандарындағы ауруханаларға ендіруге болады. Бұл науқастардың деректерін ірі клиникалар мен медициналық орталықтарға беруге мүмкіндік береді.

Дәурен Әубәкіров, «Spacelab» компаниясының өнім және бизнесті дамыту жөніндегі директоры: 

– Біріншіден, деректерді нақты уақытта бақылауға және осы деректердің негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Айталық, кен орнында бір нәрсе жабылмаған немесе бір нәрсе ақаулы жұмыс істеп тұрғанда сіз инженер немесе топ-менеджмент өкілі ретінде осы құрал арқылы мұқият тексерістен өткізе аламыз. Сондай-ақ, сіздер біздің қондырғылардың көмегімен өз жабдықтарыңызды басқара аласыздар. 

Отандық әзірлемеге сұраныс тек Қазақстанда ғана артып келе жатқан жоқ. Сонымен қатар өнімге Африка елдері де қызығушылық танытып отыр, атап айтқанда Эфиопия пилоттық режимде іске қоспақшы. Бұдан басқа, компания жобаны Солтүстік және Оңтүстік Америка, Біріккен Араб Әмірліктері нарықтарына шығаруды да жоспарлап отыр.