Мемлекет басшысы Көкшетау қаласының 2050 жылға дейінгі Бас жоспарымен
танысты. Облыс орталығының аумағы 7 мың гектарға ұлғаяды. Қалада халық санының
өсуі болжануда, сондықтан шаһарда 10 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру
жоспарланған. Қазірдің өзінде мұнда жылу электр орталығы, облыстық көпбейінді
аурухана мен Азаматтық қорғаныс академиясы және көпфункционалды спорт кешені
салынып жатыр. Қасым-Жомарт
Тоқаевқа Көкшетау қаласындағы «Көк шалғын» біртұтас қоғамдық кеңістігін
қалыптастыру жобасы таныстырылды. Онда Мәңгілік алау, Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік
алаңы және қаланың ең көрнекті жерлерін үйлесімді сәулетімен бірыңғай туристік
бағытқа біріктіру көзделген. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Digital Aqmola орталығында
І-Komek бірыңғай байланыс орталығы қызметі, көлік тұрғын-үй коммуналдық
шаруашылығы, қауіпсіздік, экология және денсаулық сақтау салаларының мониторинг
жүйесі көрсетілді. Сондай-ақ, өңірде қолға алынған инвестициялық жобалар
жөнінде мәлімет берілді. Өңірде аграрлық салаға жасанды интеллект енгізу
бойынша қанатқақты жоба іске қосылған. Ол өнімділікті арттыру қамында кәдеге
жаратылмақ. Сондай-ақ, телекөпір арқылы Қосшы қаласын табиғи газға қосу рәсімі
өтті. Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Көкшетаудағы Шахмат
үйін аралап көрді. Ғимарат бұрын Президент резиденциясы болған. Қасым-Жомарт
Тоқаевтың тапсырмасымен нысан балалардың игілігіне берілді. Бүгінде орталықта
оқу-жаттығу жиындары, гроссмейстерлердің шеберлік сағаттары ұйымдастырылып
тұрады. Спортшылар беделді бәсекелер алдында осы жерде дайындығын пысықтайды.

