Қырғызстан су тасқынынан зардап шеккен Қазақстан халқына гуманитарлық көмек жөнелтті. Бауырлас ел 300 тоннаға жуық азық-түлік пен ең қажетті тұрмыстық заттарды 15 жүк көлігіне тиеп жіберді. Гуманитарлық жүк қызыл судың құрсауында қалған Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай өңірлерінің тұрғындарына жеткізіледі. Азық-түлік керуені Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың тапсырмасымен ұйымдастырылды.
Отандық еріктілер 550 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады
Қазақстандық волонтерлер де су тасқынынан зардап шеккен отандастарына көмек қолын созуда. Белсенді азаматтар елдің барлық қалаларында арнайы пунктер құрып, немқұрайлық танытпаған қайырымды жандардың көмектерін қабылдап жатыр. Бүгінге дейін 550 тоннадан астам гуманитарлық жүк жиналды. Азық-түлік пен киім-кешек сынды аса қажетті заттардың дені діттеген жерлеріне жеткізілді. Жалпы республика бойынша 25 мыңнан астам волонтерлер түрлі қызмет көрсетуде. Олар халықты ақпараттандырып, қауіпті аумақтардан эвакуацияланғандар мен төтенше жағдай орындарында талмай еңбек етіп жүрген құтқарушыларды тамақтандырып, тілсіз жаудың салдарын қалпына келтіруге жәрдемдесуде.