Alatau City жобасына қытайлық инвесторлар қызығушылық танытты

Alatau City жобасына қытайлық инвесторлар қызығушылық танытты

Шэньчжэньде өткен Alatau City халықаралық роуд-шоуында Қазақстан мен Қытай ынтымақтастық туралы 24 келісімге қол қойды. Премьер-министрдің  орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация болашақ  шаһар жобасының инвестициялық әлеуетін таныстырды. Тараптар Алатау қаласында  жаңа буындағы аккумуляторлар, энергия сақтау жүйелері, ауыл шаруашылығы техникасы өндірістерін құру, электр көлігі мен қуаттау инфрақұрылымын дамыту туралы уағдаласты. Бұдан басқа, қытайлық тарап өнеркәсіптік кәсіпорындардың, энергетика нысандарының және логистикалық инфрақұрылымның құрылысына атсалыспақ. Бұл жобалардың жалпы инвестициялық әлеуеті 6 млрд долларға бағаланған.

Келесі кезекте қазақстандық делегация Гонконгқа барды. Мұнда Alatau City-ге арналған инвестициялық дөңгелек үстел өтті. Жиынға Қытайдың арнайы әкімшілік аймағының ірі инвестициялық қорлары, қаржы институттары мен технологиялық компания өкілдері қатысты. Тараптар 6 келісімге қол қойды. Соның ішінде Орталық Азия экономикасына инвестиция салу үшін бірлескен инвестициялық қор құру жөніндегі меморандум жасалды. Алатау Сити жобалары жаңа қордың инвестиция салудағы басым бағыттарының бірі болады. Alipay цифрлық жүйесін қамтитын ірі финтех-компания және әйгілі Solana Foundation Қазақстанмен серіктестікке қызығушылық танытты. Соңғысы қазақстандық болашақ қаласының инновациялық экожүйесіне жәрдемдесуге дайын.


Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:


- Гонконг әлемдік қаржы жүйесінде ерекше орын алады және халықаралық инвестициялар, капиталды басқару және трансшекаралық жобаларды жүзеге асыру үшін негізгі алаңдардың бірі болып қала береді. Дәл сондықтан біз үшін Алатау жобасын Гонконгтың инвестициялық және іскерлік қоғамдастығына таныстыру маңызды. Қазақстан тарихында алғаш рет түсінікті қағидаларға, инвесторлардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ реттеудің үздік халықаралық стандарттарына басымдық бере отырып, арнайы құқықтық режимі бар қала құрылуда.


Джон Ли, Гонконг әкімшілігінің басшысы:


- Былтыр Қазақстан экономикасы 6,5% деңгейінде тұрақты өсім көрсетті. Бұған жоғары ішкі сұраныс пен бай табиғи ресурстар ықпал етті. Мен ел дамуының серпініне және іскерлік белсенділіктің жоғары деңгейіне тікелей көз жеткіздім. Жүргізіліп жатқан реформалар, ашықтық және инвесторларға деген оң көзқарас одан әрі ынтымақтастық үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Біз серіктестік байланыстарды нығайту үшін осы қолайлы жағдайдыұтымды пайдалануға ұмтыламыз.

 

Сондай-ақ Қанат Бозымбаев Гонконгтің «бизнес капитандарымен» жүздесті. Кездесуде халықаралық инвесторлар серіктестікке және Алатау қаласының аумағында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?