Қазақстан Президенті стратегиялық серіктестер форумына қатысты

Қазақстан Президенті стратегиялық серіктестер форумына қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер халықаралық форумына қатысты. Жиында шетелдік серіктес оқу орындарының басшылары, халықаралық аккредиттеу және рейтинг агенттіктерінің, сондай-ақ дипломатиялық корпустың өкілдері бас қосты. Президент өз сөзінде білім және ғылымды шекара талғамайтын, барлық елге ортақ стратегиялық маңызы айрықша сала ретінде атады. Ол осы жиын соның айқын дәлелі екеніне назар аударды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан саланы дамытуға айрықша мән беріп отырғанын тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 2019 жылдан бері осы салаға бөлінетін қаржы үш есе ұлғайды. Елімізде жоғары оқу орындарының дербестігі артып келеді, зерттеу университеттері көбеюде. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Мемлекет ғалымдарға, әсіресе, жас зерттеушілерге барынша қолдау көрсетуде.

Елімізде өскелең ұрпаққа да мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып жатыр. Былтырдан бері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ал биылдан бастап «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ, Жоғары білім беру саласының инфрақұрылымы жаңғыртылып, жаңа оқу ғимараттары бой көтеруде. Осы орайда мемлекет басшысы еліміздегі оқу орындарының беделді халықаралық рейтингтердегі көрсеткіші жақсарып келе жатқанын айтты. Мәселен 5 отандық университет Times Higher Education басылымы ұсынған әлемдегі үздік оқу орындарының тізіміне қосылды. Бұған қоса Президент Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекет ретінде дамыту мақсаттары тұрғанын жеткізді. Бұл ретте жасанды интеллектіні дамытып, оны  басқа салалармен интеграциялау ең жоғары стратегиялық басымдық саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жасанды интеллект сарапшылары мен мамандарын даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Осы мақсатта жыл басынан бері AI Sana бағдарламасын іске қостық. 540 мыңнан астам студент оқу курсынан өтті. Бұдан бөлек, жасанды интеллект барлық мектеп пен университетке міндетті курс ретінде енгізілді. Елімізде Жасанды интеллект университетін ашу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздейді. Қазіргі кезде елімізде 31 мыңнан астам шетел студенті білім алады. Бұл рекордтық көрсеткіш. 2029 жылға қарай аталған межені 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, ел аумағында шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шетел университеттерінің филиалын ашу инженерлік және IT білімді дамыту мақсатымызға толық сай келеді. Қазақстанда қолданбалы инженерияның бірегей институты саналатын үш Лу Бань шеберханасы ашылды. Біз үшін ядролық энергетика саласына маман даярлау да ерекше мәнге ие.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта да білім мен ғылымға арқа сүйеп, Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Күшті Қазақстанды құру ісін жалғастыра бертінін атап өтті. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?