Қазақстанда мамыр айының екінші онкүндігінде жаппай
көктемгі дала жұмыстары басталады. Әдеттегідей еліміздің оңтүстігіндегі қауырт
маусымға ерте қамданып қойған. Қазір мұнда 350 гектарға дән себілген. Теріскейдегі
шаруалар егіс науқанына мамырдың 20-на қарай кіріспек. Айта кетейік, биыл
мемлекет басшысының тапсырмасына сай елдегі алқаптардың құрылымын әртараптандыру
жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, монодақылдар
көлемі азайып, есесіне өнімділігі жоғары дақыл егілетін алқаптар кеңейтілмек.
Айхан
Сұлтан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департамент директорының орынбасары:
– Жаппай егу маусымына дейін қажетті жанар-жағармай мен
техника дайын болады. Мамыр айының екінші онкүндігінде әдеттегідей теріскейдегі
негізгі 3 астықты аймақ: Қостанай, Ақмола және Солтүстік-Қазақстан облыстары, егістік
жұмыстарын бастайды. Нақтырақ айтсақ, бұл іске 20 мамыр күні кіріседі. Тасқынға байланысты кей жерлерде егу кезеңі
кейінге шегеріледі. Дегенмен, әдеттегідей мамыр айының соңына дейін немесе
маусым айының алғашқы онкүндігінде дақылдарды толық егіп боламыз. Қазірдің
өзінде жергілікті әкімдіктер жарамды алқаптарға болжам жасап, 23,8 млн гектар
жерді әзірлеп отыр. Бұл былтырғыдан 200 мың гектарға аз. Атап айтсақ, дәнді
дақылдар, оның ішінде бидай, суды көп тұтынатын мақта мен күріш көлемі азаяды.
Есесіне, майлы және жем дақылдарының алқаптары ұлғаяды.
Топырақтағы су көлеміне қатысты салалық ведомство
мамандары ылғалдың жеткілікті екенін айтады. Оны сақтап қалу үшін ел аумағында
агротехникалық шаралар жүргізілмек.
Айхан
Сұлтан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департамент директорының орынбасары:
– Біз вегетациялық кезеңде ауа-райына тәуелдіміз. Оның
ішінде ауа температурасы, жаз кезінде жауын-шашын деңгейі бар деген секілді.
Дегенмен, былтырғы жағдай қайталанбауы тиіс. Осы маусымда барлығы жақсы болады
деген болжам жасап отырмыз. Қыста жиналған ылғалды сақтап қалу үшін күзде дер
кезінде жер жыртылған болатын. Бұл жұмыстар қазір де жалғасын тауып келеді.