Словения – Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды серіктесі

Словения – Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды серіктесі

Словения – Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды серіктесі. Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясының көлемі 200 миллион долларға жуықтады. Еліміздегі фармацевтика, машина жасау, телекоммуникация және жаңартылатын энергия көздері салаларында Словения капиталының үлесі бар 19 компания кәсібін табысты жүргізіп келеді. Бүгін Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар келді. Ақордада салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қазақстан мен Словения Президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Оның қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Мазмұнды әрі ықпалдастығымызды дамыту, цифрландыру және инновация, жасыл энергетика, атом өнеркәсібі, денсаулық сақтау, туризм салаларында тың жобаларды жүзеге асыруға келістік. Қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырып, оның қызметін жаңа деңгейге көтеруге шақырдым. Екі ел бизнес өкілдерінің байланысын тереңдету – маңызды міндеттің бірі. Осыған орай, «Қазақстан – Словения» іскерлік кеңесін құру мәселесін талқыладық».

Кездесуде екі ел басшылары көлік-логистика саласындағы байланыс аясын кеңейту мәселесін талқылады. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Словенияның «Лука Копер» теңіз портын қатыстыру жөнінде ортақ пікірге келді. Қазақстан су ресурстарын басқару ісінде словен тарапының озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын. Мәдени-гуманитарлық ықпалдастық жайы да сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Білім, ғылым және мәдениет салаларындағы қарым-қатынасты жандандыруға мол мүмкіндік бар. Жалпы Словенияның білім беру жүйесі дүние жүзінде озық жүйе ретінде мойындалған. Сондықтан біз екі ел университеттері арасында байланыс орнатуға мүдделіміз. Қазақстан Словенияның жоғары оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтуға дайын».

Тараптар халықаралық және аймақтық өзекті мәселелерді талқылап, ұстанымдарының ортақ екенін жеткізді.

Наташа Пирц-Мусар, Словения Республикасының Президенті:

- «Бүгінгі кездесулер, жалпы бұл сапар Словения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашады деп ойлаймын. Екі ел де өзара түсіністік пен құрметке негізделген халықаралық құқық, орнықты даму мен серіктестік қағидаттарын қолдайды. Мен бұған ризамын. Келешекте де осы бағытта жұмыс істей беретінімізге сенімдімін».

Келіссөздер қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданды. Білім, сауда және туризм секілді бірқатар саладағы ынтымақтастыққа қатысты құжаттарға қол қойылды. Ертең елордада сауда-инвестициялық байланысты кеңейтуге бағытталған Қазақстан-Словения бизнес-форумы өтеді. Астанаға Словенияның жетекші 25 компаниясынан құралған үлкен бизнес-делегация келді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?