Silk Way Star мега жобасы мәресіне жетті. Ертең шешуші сәт. 10 кезеңінің тоғызы артта қалды. Екі айға жалғасқан халықаралық музыкалық байқаудың гранд финалына 7 өнерпаз жетіп отыр. Олар өнерімен қалың көрерменді бағындырған малайзиялық Язмин Азиз, грузиялық Автандил Абесламидзе, қазақстандық ALEM, моңғолиялық Мишель Джозеф, өзбек әншісі Мадинабону Адылова, Қытай өкілі Чжан Хэ Сюань және Армениядан келген орындаушы Саро Геворгян. Бүгінде финалистер қызу дайындыққа кірісіп, соңғы пысықтауларын жүргізіп жатыр. Жібек жолы жұлдызы аралас жүйе арқылы анықталады. Бұл жолы олардың тағдырын тек қазылар алқасы ғана шешпейді. Жеңімпаз төрешілердің шешімі және көрермендердің онлайн дауыс беруінің нәтижесінде белгілі болады. Яғни ақтық сында әр көрермен silkwaystar.org байқаудың ресми сайтында өз сүйікті әншісін қолдауға мүмкіндік алмақ. Ұйымдастырушылар гранд-финал тосын-сыйларға толы болатынын айтады. Өнер сүйер қауым қызықты әрі бірегей шығармашылық қойылымдар мен оркестордың әуезді де әуенді сүйемелдеуімен әсем ән әлеміне қаныға алады.
Саро Геворгян, Silk Way Star байқауының финалисі, Армения:
- Финалға мен өзімнің авторлық туындым әуенді ән дайындадым. Бұл махаббат
туралы өте әдемі композиция. Менің өнерімді бағалап, дауыс беріп, қолдайтындар
көп болады деп үміттенемін. Байқау
болғандықтан тек жеңістен дәмелімін. Сахнада өнерімді барынша танытуға тырысып
бағамын. Ертең қатысушылардың бәрі де лайықты өнер көрсететініне сенімдімін. Әрқайсысы
өз ісінің шебері.

