Қазақстандықтар Мезозой дәуіріндегі ең көне теңіз рептилиясы Ихтиозаврдың қаңқасының толық өлшемді моделін 2025 жылы көре алады. Еске салайық, 250 млн жыл бұрын мекендеген жыртқыштың сүйек қалдықтарын жас геологтар еліміздің батысынан 2016 жылы тапты. Кейіннен динозаврдың бұл түрі бұрын-соңды ғылымда танылмағаны белгілі болды. «Қазақстанозавр» деп аталатын балыққа ұқсас кесіртке пішіндес жыртқыштың ұзындығы 6-7 метр, бас сүйегі - бір метрден астам, аяқ-қолы - екі метрге жуық, ал көзінің үлкендігі - 20 сантиметрге жеткен. Жорғалаушының сүйек құрылымын қалпына келтірумен Назарбаев Университеті айналысты. Жоғары оқу орынында ихтиозаврдың жетіспейтін бөліктерінің 3D-моделін жасауға кірісер алдында скелеттің шығу тегін мұқият зерттеп, сүйектерге ғылыми талдау жүргізді.
Рэнди Хазлет, Назарбаев
университеті тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебінің деканы:
- Ихтиозавр скелетін сканерлеумен және басып шығарумен біздің студенттер айналысады. Бауырымен жорғалаушының қанша сүйегі бар екенін білгеннен кейін бізге оны жинақтау үшін уақыт керек. Әрі қарай музей ашып, онда теңіз жыртқышын көпшілікке таныстыру жоспарда бар. Скелет қорғаныс шынысына орналастырылады. Онда ихтиозаврдың толық жинақталған қаңқасы болады. Жыртқыштың көшірмесі біздің университеттің атриумында сақталады. Ал 3D форматын басып шығарудың арқасында пластикалық нұсқасы жеңіл болады, сондықтан ауада бекітуге мүмкіндік береді.
Әсел Күшенғалиева

