Мажарастанда Алматы Музейінің «Қазақстанның көшпенділері: өткені мен бүгіні» атты көрмесі ашылды

Қазақ халқының бай тарихы мен мәдениеті мажар халқына таныстырылды. Карцаг қаласының өнер музейінде «Қазақстанның көшпенділері: өткені мен бүгіні» атты көрме қанат жайды. Экспозицияда Алматы музейлер бірлестігі қорларынан 200-ден астам бірегей экспонаттар ұсынылған. Олардың арасында XIII ғасырдың күміс монеталар, зергерлік әшекейлер, текеметтер мен ат әбзелдері бар. Бұдан бөлек Абай Құнанбайұлының домбырасы мен Алматының тұмса табиғаты мен заманауи келбеті түсірілген фотосуреттер келушілер назарына ұсынылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара екі ел арасындағы мәдени байланыстың одан әрі дамуына серпін береді. Көрме 20 қарашаға дейін жалғасады. 

Шандор Бене, Карцаг қаласының тұрғыны, Мажарстан:

– Біз халықтарымыз арасындағы тығыз байланысты көрсететін көптеген жәдігерлермен таныстық. Бұл көрме біздің ортақ дәстүрімізді, құндылықтарымыз бен мәдениетімізді айшықтайды. Мен осының бәрін қызықтап дән риза болдым. Мұндай танымдық көрмелер арқылы жастар қазақтар мен мажарлардың түбі бір бауырлас халықтар екенін біледі. Біз Карцагта, өз дәстүрімізді жаңғырту үшін балаларды ат спорты үйірмелеріне береміз. Ал осы көрменің арқасында ата-бабаларымызды байланыстыратын өмір салтын сөзбен емес нақты мысалдармен көрсете аламыз.

Асқар Беков, Будапешт қаласының тұрғыны, Мажарстан:

– Осы жерде Алматы қаласының бірлескен музейлерінің үлкен көрмесі өтіп жатыр дегенді естіп, арнайы келдік. Туған жерге деген сағынышты бастық десе де болады. Мұнда түрлі жәдігерлерімізді тамашалап, олардың шығу тарихн білдік. Әсіресе хәкім Абайдың домбырасын көріп, кәдімгідей бір әсер алдық десек де болады. Мұндай көрмелердің жиі өткені бұл тек ғана Мажарстан халқына ғана емес, сонымен қатар Қазақстан халқына да тиімді деп ойлаймын. Өйткені бұл арқылы туристер келе бастайды. Біздің елге қызығушылық оянып.