Әйгерім Әкімжанова, тілші:
– Бүкіл әлемдегі бұқаралық медианың назары Астанада. ШЫҰ саммитінен хабар тарату үшін елордаға 16 елден журналистер мен тілшілер келді. Барлығы 200 қазақстандық және 700 шетелдік БАҚ өкілі аккредиттелген. Олардың ішінде ақпарат агенттіктері, телеарналар, баспа және электронды порталдар бар. Тілшілердің жұмысына жағдай жасау үшін арнайы баспасөз орталығы ашылып, Бейбітшілік пен келісім сарайының бірнеше қабатында бірден қанатын жайды. Мұнда ауқымды шарадан хабар таратуға барлық жағдай жасалған.
Ауқымы жайында айтар болсақ, журналистердің ең көп шоғыры Қытайдан келген. Олар өз мемлекет басшысы Си Цзиньпиннің Астанаға ШЫҰ саммиті аясындағы мемлекеттік сапары жайлы ақпарат тарату мақсатында келді. Сэ Яхун – Қытайдағы ең ірі басылым – Жэньминь Жибаоның 20 өкілінің бірі. Оның айтуынша, қос мемлекет барлық салада екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға көп күш жұмсап келеді.
Се Яхун, Жэньминь Жибао газетінің журналисті, Китай:
– Осыдан 2 ай бұрын қазақстандық әріптестерімізбен бірлесе сұхбат жүргізген болатынбыз. Қос тараптың бірлескен бірнеше жобалары бойынша жұмыс істедік. Мәселен, Астанадағы LRT, Өскемендегі Рубан шеберханасы секілді жобаларды айта аламын. Біз елдеріміз арасындағы тату көршілік пен достық қарым-қатынастар және әріптестігіміздің әлеуеті жайлы көп айтамыз. Біздің осындай ынтымағымыз ары қарай да жалғаса береді деген сенімдеміз.
Әзербайжандық журналистер де осы жиынға келіп отыр. Олар саммит аясында өз басылымдарының бар назары Еуразия құрлығында жаңа сауда бағыттарының даму тақырыбына ауып отырғанын жасырмады.
Ляман Зейналова, Trend Халықаралық ақпарат агенттігінің бас редакторы, Әзербайжан:
– Біздің елдерімізді экономиканың көптеген секторлары байланыстырады. Оның ішінде көлік саласының маңыздылығы артып келеді. Осы тұста, Әзербайжан, Қазақстан және Орта Азияның өзге мемлекеттері арқылы өтетін Орта Дәліз туралы айта кеткен жөн. Сол себепті, жүк өткізгіштік қабілетті арттырып, тауар тасымалдау кезінде қаржы мен уақыт үнемдеу үшін осы жобаға қатысы бар мемлекеттің барлығы асқан қызығушылық танытып отыр. Біз осы жиынның Қазақстанда болып жатқанына және одан хабар тарату мәртебесі бұйырғанына өте қуаныштымыз. Қазақстанның ұйымға төрағалығы сәтті өтті деп ауыз толтырып айтуға болады.
Қазақстан астанасындағы баспасөз орталығы кешке дейін жұмыс істейді. Олар саммит алаңынан жаңалық пен репортаж жүргізіп, тікелей эфирде соңғы ақпараттарды таратпақ. Осының барлығы – ШЫҰ Астана саммитінің күн тәртібінде көтеріліп жатқан мәселелердің өзектілігіне айқын дәлел.