Шымкент қаласының опера және балет театры елордаға гастрольмен келді. Республиканың Еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы жетекшілік ететін шығармашылық ұжым өнерсүйер қауым назарына «Домалақ ана» спектаклін ұсынады. Театр репертуарына жақында ғана енгеніне қарамастан, бұл қойылым көрермен көзайымына айналып үлгерген. Опера Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналғанын атап өту керек.
Қойылым авторлары даналығымен аты шыққан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жеткен аңыздармен айшықталған Домалақ ананың асқақ тұлғасын сомдауға тырысқан. Тағылымы мол тарихи дүниенің композиторы – Тасқын Жармұхамет, либретто авторы – Асхат Маеміров. Елордалық көрермен спектакльді «Астана Опера» сахнасында сала майталмандарының орындауында тамашалай алады.
Майра Мұхамедқызы, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Шымкент қаласындағы опера және балет театрының директоры:
- Үшінші мегаполис Шымкентке 2008 жылы опера театрын ашқаны үшін Елбасына алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда 19 опера, 3 балетіміз бар. Бара салып ұжымымызбен «Домалақ ана» операсын екі айдың ішінде алып шығып, әлемдік рекорд орнаттық. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін еңбек, себебі екі айда ешкім қоя алмайды, жоқ дегенде 6 ай уақытты қажет етеді.
Авторы: Гүлбану Тәжібек