Астанада Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық байқаудың ақтық кезеңі өтті. Ән бәйгесінің финалистері Халық қаһарманының аты берілген Қазақстан орталық концерттік залында өнер көрсетті. Киелі сахнада бәсекеге түскен 16 қатысушы жүздеген үміткер арасынан онлайн форматта іріктелген. Қорытынды сынға өткендердің дені Орталық Азия елдерінің күміс көмейлері. Үздіктерді аймақтың танымал өнер майталмандары бағалады. Оркестрдің сүйемелдеуімен әрбіріне екі әннен орындау талабы қойылды. Оның бірі Роза Бағланованың туындысы болуы шарт. Аты аңызға айналған қазақ әншісінің құрметіне ұйымдастырылған алғашқы халықаралық өнер додасының жүлде қоры 5 млн теңге.
Аманжол Ескермесов, қатысушы, Өзбекстан:
– Роза апамыздың әндерін мен кішкентай кезімнен тыңдап келемін. Барлық әндерін айтуға тырысамын. Бұлбұл әнші апамыздың әндерін айту өте қиын. Себебі өзінің ерекше техникалары бар деп айтсақ болады. Мен Өзбекстаннан келдім ғой, өзбек халқы бұл әнші апамызды өте жақсы таниды. Кеңес Одағы кезінен бері келе жатыр. Өзінің қайталанбас даусы бар.