Шымкентте Digital Qazaqstan халықаралық форумы өтті

Шымкентте Digital Qazaqstan халықаралық форумы өтті

Шымкентте Digital Qazaqstan халықаралық форумы өтті. Ұлттық технологиялар форумының бұл шаһарда өтуі де кездейсоқ емес. Өйткені үшінші мегаполис еліміздегі негізгі өнеркәсіптік және экономикалық орталықтың бірі. Онда ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары, IT-индустрия, халықаралық компаниялар өкілдері, инвесторлар мен сарапшылары бас қосты. Жиынға барлығы 3 мыңнан астам делегат қатысты. Ірі компаниялар жасанды интеллекттен бастап ақылды қалалар мен жаңа буынның энергетикалық жүйелеріне дейінгі елдің технологиялық болашағын қалыптастыратын озық әзірлемелерді ұсынды. Мысалы, жобалардың бірі өндірісті цифрландыруда отандық тау-кен кәсіпорындарына көмек көрсетуге бағытталған. Ол техника мен персоналдың жұмысын қадағалап, отын шығынын бақылайды. Жалпы өндірістегі қауіпсіздікті арттыра алады.


Александр Подвалов, Өнеркәсіптік цифрландыру бойынша компанияның негізін қалаушы:


- Ол Қазақстанның, сондай-ақ таяу шетелдің 30-дан астам кенішінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Digital Bridge, Digital Kazakhstan сияқты бастамалар бізге ішкі нарықта өзімізді сенімді сезінуге, төл өнімімізді дамытуға, сондай-ақ халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік береді.


Digital Qazaqstan форумы аясында Decentrathon 5.0 хакатоны іске қосылды. Оған еліміздің 20 қаласынан өкілдері жиналды. Олар 10 күн ішінде ІТ-сектор үшін нақты бастамаларды жүзеге асыру барысын талқылайды. Сонымен қатар, мұнда спорттық бағдарламалау және стартап-баттл чемпионаты өтті. AI-саласындағы үздік жобалар жеке салалық марапаттарға ие болды. Осылайша, форум озық ойлар мен оларды іске асыруға бағытталған  жаңа технологиялық шешімдерді бір арнаға тоғыстырды.  Бұл ретте енді Digital Qazaqstan еліміздегі цифрлық әлемнің дәстүрлі шарасына айналатынын айта кету керек.


Тимур Қозыкеев, Shymkent Hub директоры:


- Аллеяда 20-дан астам жоба, IT-стендтерде 30-дан астам жоба таныстырылады.  Жергілікті жобалардан 10-нан астам Shymkent Hub резиденті күтілуде. Ол Astana Hub-тың ресми филиалы. Біз Шымкент қаласының IT-экожүйесін дамытумен айналысамыз.


Дмитрий Мун, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:

- Форумға халықаралық өкілдіктің кең көлемде қатысуы ерекше мәртебе береді. Шымкентте әлемнің 14 елінен делегаттар, сондай-ақ Түркі Мемлекеттері Ұйымы, Халықаралық Электр байланысы Одағы және Еуразиялық Даму Банкі сияқты ірі халықаралық ұйымдар бар. Басты күн тәртібі - біздің тәжірибеміздің негізгі бағыттарын паш ету.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?