Қазақстан мен Қытай арасында туристік әлеует артады. Елдерді енді тағы бір пойыз
жалғайтын болады. Ұлттық теміржол операторының хабарлауынша, ол
«Қорғас-Алтынкөл» шекара өткелі арқылы Сиань қаласынан Алматыға дейін
қатынайды. Саяхатшыларды тасымалдауға бағытталған теміржол нысаны Қазақстанның
мегаполисіне бірнеше күн аялдайды. Осы
уақыт ішінде Аспан асты елінен келген қонақтар шаһардың көрікті жерлерін аралап
қызықтай алады. Аталмыш көрші ел азаматтарының ағыны Алматымен қатар бас қалаға
да еселеніп баратыны байқалады. Жалпы, қытайлық туристердің Қазақстанға аяқ
басуы былтыр енгізілген визасыз режимнен кейін бірден 115% өскен. Бұл сондай-ақ,
«қонақжай мемлекетіміздің халықаралық деңгейде ашықтығының жарқын белгісі»,-
дейді сала мамандары. Біздің республикаға визасыз режим
80-нен астам елдің азаматтарына қол жетімді. Ал 25 мамырдан бастап Қазақстан
мен Вьетнамның өзара ұлттық төлқұжат иелері үшін визалық талаптарды жою туралы
үкіметаралық келісімі күшіне енеді. Бұл ретте азаматтар елге келген сәттен
бастап бір ай, әр жарты жылдық кезеңде барлығы 90 күн бола алады.