Қазақстандық «e-Qyzmet» порталы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының жоғары бағасына ие болды. Ұйымының OPSI жаһандық платформасы еліміздің персоналды басқару ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін енгізу бойынша сараптамалық материал жариялады. Бұл елдің мемлекеттік сектордағы кадрлық үрдістерді цифрландыру жетістіктері халықаралық деңгейде мойындалғанының көрсеткіші. E-Qyzmet жүйесі – мемлекеттік басқаруды цифрлық жаңғыртудың негізгі элементі және ұлттық кадр саясатын іске асырудың маңызды құралы. Жүйе бар процестерді толық автоматтандырып, деректерді орталықтандырады. Әкімшілік кедергілерді жойып, субъективті шешімдер қабылдау тәуекелін барынша азайтады. Платформа 400-ден астам басқарушылық процестерді және HR-рәсімдерді қамтиды. Есесіне кадрлық жүйенің ашықтығы мен қолжетімділігі артты. Цифрлық іріктеу тетіктерін енгізу арқылы бір бос орынға орта есеппен 5 үміткерден келеді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бұны отандық тәжірибенің тек ел ішінде ғана емес, жаһандық деңгейде де қызығушылық тудырып отырғанының айқын дәлелі екенін айтады.
Нұрсұлтан Бекінов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент директоры:
- Бұл біздің халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған және қолдау тапқан шешімдерді қабылдап жатқанымыздың дәлелі. Бірінші кезекте бұл бірегей жүйе деп сеніммен айта аламыз. Бұрын-соңды мұндай жүйе ешқайда болмаған, еш жерде қолданылмаған. Яғни, қазақстандық жаңалық. Келесі критерий - оның бағалануы, тиімділігі. Біз жүйені жай ғана енгізе салған жоқпыз. Оның құрылымын толық әзірлегенімізді, сондай-ақ бұл портал кадрлық процесті жақсартуға көмектескенін дәлелдедік.

