Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны шеңберінде шетелдік туристер көшпенділердің
рухани-мәдени мұрасымен жақын танысуда. Арнайы құрылған этноауылда «Ұлы дала үні»
атты гала-концерт өтті. Жиналған жұртқа этно-стильдегі аспаптарға жарты
ғұмырынан астам уақыт арнаған Еділ Құсайыновтың өнері қызық болды. «Қорқыт»
этно-ансамблі мен үрмелі оркестр сүйемелдеуімен шырқалған туындылар шетелдік
туристерді тәнті етті. Еділ Құсайыновтың этникалық және заманауи музыканың
мотивтерін үндестірген төл туындылары да көпшіліктің ықыласына бөленді. Музыкант
өз концертінде сырнай, сыбызғы секілді дәстүрлі аспаптардан бөлек, қойдың
асығын да пайдаланады. Ерекше аспаппен алғаш танысқан шетелдік көрермендердің
қошеметі ерекше болды, - дейді сазгер.
Еділ Құсайынов, сазгер:
- Мен үрмелі оркестрмен әдейі осы фестивальге,
Көшпенділер ойындарына арнап 4 жаңа шығарма жаздым. Сондықтан, мен риза болдым.
Оркестр өте жақсы. Өте жақсы концерт өтіп жатыр. Көне замандағы аспаптар
қазіргі заманауи музыкамен ұштасса, музыка да бірге болса, сонда өте жақсы
болады. Шетелдіктер де оны жақсы қабылдайтынын байқадым.