Қызылорда облысына
қарасты Қазалы ауданындағы көне Жанкент шаһарынан күміс теңге көмбесі табылды. Бұл
қала – оғыздардың астанасы болған орта ғасырлық елді-мекен. Кезінде Еуропа мен
Азияны жалғаған. Жалпы, үйiндiге айналған шаһарды зерттеу жұмыстары 2005 жылы
басталған. Содан бері көп көне жәдігер табылды. Бұл жолы ғалымдар күміс
теңгелер көмбесін тапты. Зерттеушілер араб жазуы бар жәдігер ІХ ғасырға тиеслі
деп болжап отыр.
Сейдалы Біләлов, Ғылыми-зерттеу
орталығының жетекшісі:
- 50-ден астам монета
табылды. Хорезм шах кезеңіне жататын монеталар табылды. Бірақ олар монеталардың
қызықты жағдайы перечеканка, яғни, екініші рет қайта соғылған. Бетінен Оғыз
билеушілері Хорезмшах монеталарының бетінен қайта теңге соққан. Яғни билеушінің
аты-жөні жазылған, билеген жылдары жазылған белгілері бар. Әзерге,
нумизматтардың зерттеуіне енді ұсынамыз.
Шаһин Мустафаев, Түркі
Академиясының президенті:
- Жанкент шаһары жай
ғана археологиялық орын емес, ерте орта ғасырларда Ұлы жібек жолының бойындағы
маңызды қала. Еділ-Жайық, Каспий мен Хорезм арасындағы саяси, сауда және мәдени
байланысты арттыратын орталықтың бірі болған. Қазба жұмыстары барысында
табылған оғыз-қыпшақ мұрасы түркі әлемі мәдениетінің ортақ екендігін көрсетіп
отыр.
Тарихи олжа Түркі
Академиясы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының бірлесіп
жүргізген зерттеу жұмыстары кезінде табылды. Ғалымдар монеталарды таза құйма
күміс деп топшылап отыр. Бұл Жанкентте сауда-саттық пен өркениеттің өрісті
болғанын айғақтайды. Орта ғасырлық ордада бағалы монеталардан бөлек керамикалық
бұйымдардың бірнеше үлгісі табылған. Айта кетейік, Жанкент қалашығының жалпы
аумағы 17 гектардан асады. Бүгінге дейін небәрі 3 мың шаршы метрден астам
аумаққа зерттеу жұмыстары жүргізіліпті.

